«Үшқоңыр» ФЭА Кербұлақ ауданына сапарлап қайтты

Алматы облысы әкімдігінің  «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен мәдениет нысандарында облыстық концерттік ұжымдардың халыққа тегін концерт беру тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде «Ауыл – ел бесігі» атты концерт өткізді.

Архат Қуанышалиевтің «Қарасай» күйімен ашылған концертте Ж. Жабаевтың «Ақындарға арнау», Ә.Сариевтің «Әбдіғалидің термесі», Д.Рақышевтің «Жер сұлуы — Жетісу», Қ.Жақсарбаевтың «Қалқа», М.Тәңірбергеннің «Молдабайдың әні», К.Әзірбаевтың «Басты өлең», Н.Тілендиевтің «Аққу», Т.Қазанғапұлының «Сылқылдақ», халық әндерінен поппури, А.Қуанышалиевтің «Күрескер», Б.Тәжібаевтың «Туған жер», Т.Молдағалиев пен Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», С.Қалиев пен Б.Омаровтың «Ауылды аңсау», М.Бигелдиев пен Б.Есебаевтың «Жан аға», Е.Құсайыновтың «Мәңгілік ел», Т.Тұрысбеков пен Е.Көшербаевтың «Үшқоңыр» шығармалары орындалды.

Пандемияға байланысты көптеген мәдени іс-шараларды онлайн форматта тамашалап жүрген қалың жұртшылық концертті тікелей сахнадан көруді сағынып қалғаны анық байқалып, өнерпаздарға деген ықылас-пейілдері ерекше болды.
Концерттік шараға «Үшқоңыр» ФЭА-нің негізін қалаушы, өнер жанашыры Б.Әбішұлы, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов және аудан әкімдігінің бірқатар лауазымды тұлғалары қатыстып, өз ризашылықтарын білдірді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша Кербұлақ ауданында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жоба аясында осы күнге дейін ауданда 9 жоба іске асырылған. Соның ішінде Ә. Сарыбаев атындағы Мәдениет үйі де жаңаша кейіпке енген.

2020 жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 320 млн 337 мың теңге қаражат бөлінген. Оған ғимараттың қабырғасы, шатыры, электрмен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Мәдениет үйінің материалдық техникалық базасы жаңартылды. Көрермендер залындағы орындықтар, музыкалық аппаратуралар, кеңсе техникалары, LED экрандар мен жарық беру құралдары сатып алынды.

Қазіргі кезде Ә. Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде 16 және «Күреңбел» фольклорлық ән-би ансамблінде 13 жұмысшы еңбек етуде.