Ләззат Зауытбекқызы Жанаманова

Ләззат Зауытбекқызы Жанаманова

1977 жылы 25 қыркүйек күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген.

«Қарасай ауданы әкімдігінің «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының» жетекшісі.

Жастайынан әнге құмар Жанаманова Ләззат  Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада–цирк колледжін (1996-99 жж.), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (1999-2003 жж.) тамамдаған. Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевтің шәкірті.

1994 жылы Жамбыл аудандық кітапханасында библиограф, «Құлансаз» ансамбілінде әнші (1994 ж.), 2005 жылы Қазақ радиосында музыка  редакторы (2005ж.), 2008-2009 жылдары Қарасай Мәдениет үйінде (2008-2009 жж.) әнші болып қызмет атқарған.

2009 жылдан  Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші. «Көркем-ай» балалар өнер студиясынының жетекшісі, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің дәстүрлі «Жетісу мектебі» бөлімінің жыршы-термеші сыныбында сабақ береді.Ол сонымен қатар «Отырар сазы» оркестрінде жеке ән орындаушы бола жүріп, аталмыш өнер ұжымымен шетел сахналарында да өнер көрсету мәртебесіне ие болған. 2004, 2011 жылдары жеке шығармашылық кешін өткізді.

Ләззат Зауытбекқызы – қазақтың кең шанақ қара домбырасымен халықтық ән-жыр, терме–толғаулардың өңін өзгертпей, қаймағын бұзбай орындауға еңбектеніп, ұлтымыздың игілігіне жаратуға ізденіп жүрген дәстүрлі әнші. Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі сынды өнердің қара жорғалары қалыптастырып, аманаттап кеткен, мақамы бөлек Жетісу ән мектебінің ізін жалғастырушы. Дәстүрлі ән мен жырдың інжу–маржандарын ұрпақ кәдесіне ұсыну жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, 2004 жылы Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері атанды.

2003 жылы өткен Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа даусым» атты ән байқауының лауреаты. «Алтын домбыра»  Халықаралық ән фестивалінің (2012ж.), «Ұлы дала елі» Халықаралық жыршылар фестивалінің дипломдарымен (2017ж.), Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен (2017ж.), Облыстық мәдениет басқармасының (2013, 2014, 2016 жж.), Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымының,  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен (2018ж.) марапатталған.

Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі (2018 ж.).